Неліктен жасөспірім ата-анасына өз уайымы мен сезімдері туралы айтуды қояды? Оның дөрекілігіне, қарсылығына және бәрін өз бетінше шешуге деген ұмтылысына қалай дұрыс жауап берген жөн? Қарым-қатынасты үнемі бақылауға айналдырмай, ата-аналық беделді қалай сақтауға болады?
Осы мәселелер Тобыл қаласындағы №1 мектепте оқушылардың ата-аналарына арналған «Салауатты қарым-қатынас формуласы. Ата-аналар мен балалар: қарама-қайшылықтан түсіністікке қарай» тренингінің негізгі тақырыбына айналды.
Психолог Ирина Рудимен бірге қатысушылар көптеген отбасыларға таныс жағдайларды талқылады: оқу мен гаджеттерге байланысты келіспеушіліктер, келісілген ережелердің сақталмауы, эмоциялық күйзелістер, жасөспірімнің тұйықталуы және оның қарсылығына жауап ретінде ата-аналардың бақылауды күшейтуге ұмтылысы.
Балаға айтылған сөз кезекті жанжалға айналмауы үшін онымен қалай сөйлесу керектігіне ерекше назар аударылды. Ата-аналар «Мен-хабарламаларын» қолдануды, жасөспірімнің сезімдері мен қажеттіліктерін естуді, орынды шекаралар белгілеуді, келісімге келуді және жанжалды қысымсыз, айыптаусыз әрі өзара ренішсіз шешу жолдарын үйренді.
Кездесудің маңызды ойларының бірі — түсіністік таныту бәріне рұқсат беру деген сөз емес. Жасөспірімге бұрынғыдай ережелер мен шекаралар қажет, бірақ сонымен бірге оған құрмет, сенім және өз ойын ашық айтып, тыңдата алу мүмкіндігі де маңызды.
Мұндай дағдылар отбасындағы жекелеген жанжалдарды шешуге ғана көмектеспейді. Олар бала есейіп келе жатқан күрделі кезеңде де ата-ана мен баланың бір-біріне жақын болып, сенімді қарым-қатынасты сақтап қалуына негіз болады.
Тренинг отбасы мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жоба аясында өткізілді. Жобаны «Қостанай облысының психологтар қауымдастығы» ҚҚ Қостанай ауданы әкімдігінің «Ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша жүзеге асыруда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








