
Ағымдағы жылдың 2 қазанында Астанада «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» республикалық семинары аясында көлік бақылауын жетілдіру және жол инфрақұрылымын сақтау мәселелері талқыланды. Іс-шараға көлік бақылау инспекцияларының басшылары, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ бейінді және мердігерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Автомобиль көлігі және көлік бақылау комитетінің төрағасы Дастан Жұмақұлов автоматтандырылған өлшеу станцияларының (АӨС) толыққанды жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бүгінде еліміздің жолдарында 85 станция жұмыс істейді, 2028 жылға дейін олардың санын 220 бірлікке жеткізу жоспарлануда.
«Бақылау құралдарының формалды түрде болуынан олардың толыққанды және тұрақты жұмысына көшу маңызды. Қолданыстағы АӨС-тердің жарамдылығын қамтамасыз ету, станцияларды айналып өту және олардан дұрыс өтпеу мүмкіндігін болдырмау, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту қажет», — деді ол. Осыған байланысты АӨС жұмысының нормативтік тетіктерін жетілдіру және салмақтық бақылаудан жалтарғаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылады.
Талқылаудың жеке блогы жолдардың сақталуына арналды. Ауыр салмақты самосвалдардың жекелеген санаттарын пайдалануды кезең-кезеңімен шектеу және арнайы рұқсаттар беру кезінде бақылауды күшейту мәселелері қаралды. Ұсынылып отырған шаралар жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға, көлік бақылауының тиімділігін арттыруға және автомобиль жолдарының қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.









