
Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Ержан Дүйсекенов Мағжан Жұмабаев ауданында жұмыс сапарымен барып, іссапар барысында маңызды нысандардың жұмысымен және инвестициялық жобалардың іске асырылуымен танысты.
Сапар барысында облыс прокуроры «Қарақоға» шекара бекетіне барып, онда нысанның жұмысын ұйымдастырумен танысты. Бақылау рәсімдерін жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуына және шекара маңындағы инфрақұрылымның тиісті жұмыс істеуіне ерекше назар аударылды.
Жұмыс сапарының едәуір бөлігі инвестициялық жобаларды іске асыруға арналды. «СК Агро 2050» ЖШС-де құны шамамен 30 млрд теңге болатын сүт мал шаруашылығын дамыту бойынша ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Кешен 3,6 мың бас сауын малына есептелген және 120-дан астам тұрақты жұмыс орнын құруды көздейді. Жобаны сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, облыс прокуроры 72,3 мың тонна астық және майлы дақылдарды сақтау қуаты бар «Булаев Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Кәсіпорын өндірістік қуаттарды кеңейту және бес астық қоймасын салу бойынша инвестициялық жобаны іске асырған.
Ауданның тарихи-мәдени мұрасымен танысу аясында Ержан Дүйсекенов көрнекті қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші мен музейіне барып, оның өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған экспозициямен және материалдармен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша заңдылықты қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және ауданның маңызды нысандарының тиісті жұмыс істеуі бойынша міндеттер айқындалды.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы








