
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай М. Әубәкіров атындағы орта мектебінде «Өмір мектебі: тәжірибе мен болашақ» тақырыбында өнегелі де тағылымды кездесу өтті.
Ауыл ақсақалдары мен ел ағаларына құрмет көрсету, олардың ғибратты өмір жолын өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға мектебіміздің 10-11-сынып оқушылары қатысты.
Салиқалы жүздесуге ел дамуына, білім, мәдениет және мемлекеттік қызмет саласына еселі үлес қосқан аға буын өкілдері арнайы шақырылды:
• Ә. Д. Шариғатов – Алакөл ауданының құрметті азаматы, Қазақ мәдениетінің қайраткері, халық театрының негізін қалаушы;
* Қ. Б. Баядилов – Алакөл ауданының құрметті азаматы, Білім беру ісінің үздігі;
* Ә. К. Қыстаубаев – Екпінді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, білім мен мемлекеттік қызмет саласының ардагері;
* Б. Ы. Әзімжанов – ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызмет салаларының ардагері;
Сондай-ақ шараға мектеп директоры С. Қ. Байбатшанов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е. Ш. Окпебаев, Екпінді ауылдық мәдениет үйінің директоры Б.Ә.Уралова, ауылдық кітапхана меңгерушісі Э. С. Адасова және тарих пәнінің мұғалімі Ә. Қ. Тоқтахметова қатысып, ел ағаларына өз ілтипаттарын білдірді.
Кездесу барысында қарияларымыздың өнегелі өмір жолы жайлы айтылып, аға буынмен болашақ мектеп бітіруші түлектеріміздің арасында сұхбат жүргізіліп, арнайы кітап көрмесі таныстырылды. Еркін форматтағы ашық сұхбатта ардагер ағаларымыз мектеп бітіруші түлектерге жүрекжарды ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Мерекелік жиында 11-сынып оқушысы Б. Серкебай арнау өлеңін оқыса, А. Әшімхан «Көңіл толқыны» күйін тарту етіп, ардақты қонақтардың ризашылығына бөленді. Шара соңында ардагерлерімізге естелік ашық хаттар табысталып, салтанатты түрде фотосуретке түсу рәсімі өтті.
Ауылымыздың, еліміздің ұйытқысы болып жүрген ардақты ақсақалдарымызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тилейміз!









