«Дала дәмі»: Астанада Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

    «Дала дәмі»: Астанада Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

    3 - 4 қазан күндері Астана қаласында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Елорда тұрғындары мен қонақтарына өңірде өндірілген 200 тоннадан астам өнім ұсынылуда.

    Жәрмеңке Қарқаралы-1 тас жолы бойындағы «Ипподром» алаңында ұйымдастырылған. Оған Ақтөбе облысының 12 ауданы мен Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші және қайта өңдеу кәсіпорны қатысуда.

    Сауда сөрелеріне 75 тонна ет, 44,4 тонна картоп пен көкөніс, 11,7 тонна сүт өнімі, 24 мың дана жұмыртқа, 3,5 тонна балық, сондай-ақ шұжық, ұн және ұн өнімдері, кондитерлік өнімдер, сусындар мен басқа да тауарлар қойылған.

    Жәрмеңкедегі өнімдер Астана қаласының нарықтық бағасынан 15–20%-ға төмен бағамен сатылуда. Бұл елорда тұрғындарына сапалы отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

    «Бүгін жоспарға сәйкес Ақтөбе облысынан Астана қаласына жәрмеңкеге келдік. Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордаға 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін жеткіздік. Оның ішінде ет, сүт өнімдері мен көкөністер бар. Облысымызда асыл тұқымды мал шаруашылығына басымдық берілгендіктен, сиыр етінің сапасы жоғары. Елорда тұрғындары мен осында тұратын жерлестеріміз Ақтөбе етін асыға күткен екен. Жәрмеңкеге келушілердің көңіл-күйі көтеріңкі, өнімдерімізге ризашылығын білдіріп жатыр»,– деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Алжанов.

    Жәрмеңкеге жеткізілген ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Айбек» ет комбинатында мал сою жұмыстары жүргізіліп, 150 бас ірі қара, 50 бас жылқы және 200 бас қой сойылған. Дайын ет өнімдері Астана қаласына жеткізілді.

    «Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбедегі «Айбек» ет комбинатында мал сою жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 150 бас ірі қара, 50 бас жылқы және 200 бас қой сойылып, сапалы ет өнімдері Астана қаласына жеткізілді. Бүгінде елордамызда жәрмеңке өтіп жатыр. Жерлестеріміз, ақтөбеліктер келіп, өнімдерімізді қуана сатып алуда. Жәрмеңкенің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалаймыз»,
    – деді «Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов.

    Жәрмеңкеде өңірдің қайта өңдеу кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімдері де кеңінен ұсынылған. Атап айтқанда, «Айс+» және «Агрофирма Тау» кәсіпорындарының сүт өнімдері, «Шыңғыс» және «Абылай» шаруа қожалықтары мен «Шекшек Ата» ауыл шаруашылығы кооперативінің қымыз, шұбат және ешкі сүті сатылуда.

    Сонымен қатар «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» және «Рамазан» кәсіпорындарының ұн және макарон өнімдері, «АТК «Айбек», «Степное», «Рокос» кәсіпорындарының ет консервілері мен шұжық өнімдері, жылыжай шаруашылықтарының көкөністері және басқа да тауарлар ұсынылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірілген өнімдер де жәрмеңке сөрелерінен орын алған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары