AI & Digital Bridge Awards 2026 жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

    AI & Digital Bridge Awards 2026 жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

    AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен цифрлық трансформацияны дамытуға үлес қосқан үздік жобаларды, компаниялар мен командаларды марапаттайтын жыл сайынғы AI & Digital Bridge Awards 2026 жүлдесінің жеңімпаздары жарияланды.

    Марапаттау рәсімі 3 қазанда, AI & Digital Bridge 2026 форумының қорытынды күні өтті. Оған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қатысып, форум қатысушылары алдында сөз сөйледі және AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарына жүлделерді табыстады.

    Өз сөзінде Олжас Бектенов Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымының дамуын, экономиканың нақты секторына жасанды интеллекттің енгізілуін және халықаралық технологиялық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Премьер-Министр сондай-ақ AI & Digital Bridge алаңының мемлекетті, бизнесті, технологиялық компанияларды, инвесторларды және халықаралық сарапшылар қоғамдастығын біріктіретін рөліне тоқталды.

    Қазақстанның технологиялық экожүйесінің дамуына қатысты халықаралық көзқарасты рәсімге қатысушылар — DREAM компаниясының негізін бірлесіп қалаушы және президенті, Аустрияның бұрынғы Федералды канцлеріСебастьян Курц,Freedom Holding Corp. бас директорыТимур Турлов,Crimson Education негізін қалаушыДжейми Битонжәне Higgsfield AI негізін бірлесіп қалаушы әрі бас директорыАлекс Машрабовтаныстырды.

    «Соңғы 12 айда мен Қазақстанға үшінші рет келіп отырмын және бұл кездейсоқтық емес. Қазақстан цифрландыру, IT және жасанды интеллект саласындағы көшбасшылардың қатарында. Ел AI-инфрақұрылымды, суперкомпьютерлерді, меншікті тілдік модельді, Data Center Valley пен мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды дамытудың арқасында технологиялық орталыққа айналып келеді. АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекеде Қазақстан сияқты алдыңғы қатарда бола алатын және бір мезгілде Шығыс пен Батыс арасында көпір қызметін атқара алатын елдердің бар екені ерекше маңызды», — деді DREAM компаниясының негізін бірлесіп қалаушы және президенті, Аустрияның бұрынғы Федералды канцлері Себастьян Курц.

    Жасанды интеллекттің дамуы Қазақстан мен бизнес үшін ашып жатқан мүмкіндіктерін Тимур Турлов жалғастырды.

    «Қазір Қазақстанның алдында жасанды интеллект саласында жаңа мүмкіндіктер терезесі ашылып жатыр. Жоба артынан жоба жүзеге асырылып, Қазақстан жаһандық жасанды интеллект картасынан сырттай бақылаушы емес, бәсекенің толыққанды қатысушысы ретінде өз орнын иеленуде. Цифрлық трансформация архитектурасы әлдеқашан қалыптасты. Бизнестің міндеті — оны мазмұнмен толтыру және мемлекеттің сенімді серіктесі болу. Бұл өзгерістер жолынан біз бірге өтеміз», — деп атап өтті Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов.

    Қазақстанның технологиялық кәсіпкерлердің жаңа буынын дамытатын алаң ретіндегі әлеуеті туралы Джейми Битон айтты.

    «Қазақстан мемлекеті кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, ал қазақстандық кәсіпкерлердің алдымен өңірде ауқымын кеңейтіп, жаһандық венчурлық капиталды тартып, содан кейін әлемдік нарыққа шығуға барлық мүмкіндігі бар. Қазақстанның мықты халықаралық байланыстары технологиялық компаниялар үшін қуатты бастапқы алаңға айнала алады. Елдің энергетикалық ресурстары, мемлекеттің қолдауы және білім беру жүйесі бар — бұлар жасанды интеллект дәуірінде даму үшін маңызды шарттар», — деді Crimson Education негізін қалаушы Джейми Битон.

    Осы тұста AI & Digital Bridge Awards жүлдесі цифрлық шешімдерді дамытып, оларды нарыққа шығарып жүрген нақты жобалар мен командаларды атап өтеді.

    2026 жылы жүлделер жеті номинация бойынша табысталды: GovTech Project of the Year, EdTech Project of the Year, Startup of the Year, Corporate AI Transformation of the Year, International Breakthrough of the Year, VC of the Year және Creative Industry Project of the Year.

    Іріктеу екі кезеңнен өтті. Алдымен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, әр номинация бойынша бес үміткерден тұратын қысқа тізім жасалды. Содан кейін финалистер қазылар алқасының онлайн-дауыс беруіне ұсынылып, нәтижесінде жеңімпаздар анықталды.

    AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздары:

    • GovTech Project of the Year — eGov.GPT, «ҰАТ» АҚ;
    • EdTech Project of the Year — GoPrep, «Aleem Labs» ЖШС;
    • Startup of the Year — Rette (Defect AI);
    • Corporate AI Transformation of the Year — Aventa, QazCode;
    • International Breakthrough of the Year — Higgsfield AI, Higgsfield Ltd.;
    • VC of the Year — MA7 Ventures;
    • Creative Industry Project of the Year — ōzen, «OZEN XO» ЖШС.

    Жүлде жеңімпаздары цифрлық мемлекеттік қызметтер мен білім беруден бастап медицинаға, корпоративтік жасанды интеллектке, венчурлық нарық пен креативті индустрияларға дейінгі технологиялық экономиканың әртүрлі бағыттарын ұсынады.

    Қазақстанда жасалған технологиялық жобаның жаһандық нарыққа шығуының мысалдарының бірі — International Breakthrough of the Year жүлдесін алған Higgsfield AI болды.

    «Осы үш күн ішінде Астананың әлемдегі жетекші технологиялық көшбасшылардың бас қосатын орталығына айналғанын көрдік. Біз Higgsfield компаниясында бұл көпірді кері бағытта — Қазақстаннан әлемге қарай салып жатырмыз. Генеративті медианың жаһандық нарығына шыққан өнім жасап шығардық. Біздің басты байлығымыз — модельдер немесе өнім емес, Қазақстанның талантты жастары мен мамандары. Higgsfield компаниясын бірге дамыту үшін бүгінде оларды елге қайтарып жатқанымыз мен үшін айрықша маңызды. Astana Hub халықаралық стандарттарға сай жаһандық деңгейдегі технологиялық көшбасшы болуға мүмкіндік беретін мықты іргетас қалады. Дәл осы экожүйенің және жасалған жағдайдың арқасында Қазақстаннан шыққан алғашқы жасанды интеллект дарамүйізге айналдық. Бұл — тек бастамасы ғана, алда әлі талай жаңа дарамүйіз шығатынына сенімдімін», — деп атап өтті Higgsfield AI негізін бірлесіп қалаушы әрі бас директоры Алекс Машрабов.

    Осылайша, AI & Digital Bridge Awards 2026 байқауының жүлдегерлері қазақстандық технологиялық экожүйенің әртүрлі сегменттерін — GovTech, EdTech, HealthTech, генеративті жасанды интеллект, венчурлық инвестициялар және креативті индустриялар бағыттарын біріктірді.

    Рәсімді қорытындылай келе, Олжас Бектенов алдағы міндетті — жекелеген технологиялық шешімдерден оларды экономикаға ауқымды түрде енгізуге көшу қажеттігін атап өтті.

    «Келесі кезең — тиімділігін көрсеткен технологияларды ауқымды түрде жүзеге асыру, сондай-ақ экономикамызға жаңа технологиялар мен цифрлық стандарттарды енгізу. Ол үшін мемлекет, ғылым және халықаралық технологиялық компаниялар осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Digital Bridge дәл осындай іскер серіктестер арасындағы байланысты нығайтатын алаң. Биыл 60-тан астам жаңа келісімге қол қойылды», — деді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов.

    AI & Digital Bridge 2026 форумы Астанада 1–3 қазан аралығында өтіп, мемлекет, бизнес, технологиялық компаниялар, стартаптар, инвесторлар және халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдерін бір алаңға біріктірді.

    Ұйымдастырушылар — Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және даму министрлігі, Astana Hub және Астана әкімдігі.

    AI & Digital Bridge 2026 форумын өткізу демеушілік қаражат есебінен және форум серіктестерінің қолдауымен қамтамасыз етілді.

    Алтын серіктестер — Freedom Банкі, Kaspi Bank, «Самрук-Қазына» АҚ және «Қазахтелеком» АҚ. Күміс серіктес — Halyk Bank. Бизнес-серіктес — Beeline Қазақстан. Қола серіктес — Yandex Qazaqstan. Телеком-серіктес — «Freedom Telecom Operations» ЖШС. Технологиялық серіктестер — «Транстелеком» АҚ, ресми әуе серіктесі (Official Airline Partner) — Air Astana.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары