
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында жыл сайынғы AI & Digital Bridge Awards 2026 марапаттау рәсімі өтті. Оның қорытындысы бойынша «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның («ҰАТ» АҚ) eGov.GPT жобасы «GovTech Project of the Year» номинациясында жеңімпаз атанды.
AI & Digital Bridge Awards 2026 жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және цифрлық трансформацияны дамытуға үлес қосқан үздік жобаларды, компаниялар мен командаларды айрықша атап өтуге бағытталған. Биыл марапат жеті номинация бойынша табысталды: «GovTech Project of the Year», «EdTech Project of the Year», «Startup of the Year», «Corporate AI - Transformation of the Year», «International Breakthrough of the Year», «VC of the Year» және «Creative Industry Project of the Year».
«Соңғы бір жылда пайдаланушыларға сұраныс арқылы мемлекеттік қызметтер мен сервистерді жылдам әрі ыңғайлы алуға мүмкіндік беретін eGov.GPT жобасын белсенді түрде дамытып келеміз. Бұл марапат, ең алдымен, өнімді әзірлеп, дамытқан, пайдаланушылардың кері байланысын ескеріп, қажетті өзгерістерді қысқа мерзімде жұмыс жүйесіне енгізген бүкіл команданың еңбегіне берілген баға деп білемін. Жұмысымыздың осындай жоғары бағаланғанына қуаныштымыз»,– деді «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шыңғыс Оразалимов.
eGov.GPT-ді дамыту мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен қолайлылығын жасанды интеллект технологиялары арқылы арттыруға бағытталған. Пайдаланушы өз сұранысын еркін түрде енгізіп, қажетті ақпаратты ала алады. Бұл өзіне қажетті мемлекеттік сервисті табуды және электрондық үкіметтің цифрлық инфрақұрылымымен өзара іс-қимылды жеңілдетеді.
AI & Digital Bridge Awards 2026 марапатына қатысушыларды іріктеу екі кезең бойынша жүргізілді. Алғашқы кезеңде жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы әр номинация бойынша бес үміткерден тұратын қысқа тізім қалыптастырылды. Екінші кезеңде финалистер қазылар алқасының онлайн дауыс беруіне ұсынылып, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
eGov.GPT жобасының «GovTech Project of the Year» номинациясындағы жеңісі мемлекеттік цифрлық сервистерді дамытуда жасанды интеллект технологияларын қолдануға бағытталған шешімнің жоғары бағаланғанын көрсетті.
Айта кетсек, AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы 1-3 қазан аралығында Астанадағы «EXPO» ХКК аумағында өтуде және AI MONTH аясындағы негізгі халықаралық іс-шаралардың біріне айналды. Форум Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткізіледі.









