
Ақтөбе облысында мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдары мен әлеуметтік қызметтерді алу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Жаңа бағыттардың бірі – оңалту құралдарын уақытша пайдалануға беру, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша пилоттық жобаның іске қосылуы.
Жоба 2026 жылғы 1 шілдеден басталды. Техникалық оңалту құралдарын уақытша беретін пункт Ақтөбе қаласы Бөкенбай батыр көшесі №133/1 мекенжайында орналасқан.
Жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар қажетті техникалық құралдар мен қызметтерді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алады. Олардың қатарында протездік-ортопедиялық және сурдологиялық көмек, тифлотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторийлік-курорттық емдеу, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтері, сондай-ақ міндетті гигиеналық құралдар бар.
Қажетті құралдар мен қызметтерді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ЭЦҚ немесе QR-кодтың көмегімен өз бетінше рәсімдеуге болады. Ол үшін қажетті техникалық оңалту құралын немесе қызмет түрін, жеткізушіні таңдап, тапсырыс беру қажет.
Әлеуметтік қызметтер порталын пайдалану бойынша кеңесті 1414 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұру мүмкіндігін арттыру мақсатында облыста «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қызмет 155 автокөлік арқылы көрсетіледі.









