
«Наемник-2026» өңірлік терроризмге қарсы операциясы аясында прокуратура органдары мен өзге де құзыретті органдардың үйлестіруімен полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізді.
Қарасай ауданы Шамалған ауылында діни алауыздықты қоздыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан 33 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
Айта кетейік, күдікті бұған дейін терроризм идеяларын насихаттағаны үшін сотталған, сондай-ақ заңсыз миссионерлік қызметті қоса алғанда, бірнеше рет жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан, құқық бұзушылықтарды тоқтатпаған.
Тұрғылықты жерінде санкцияланған тінту барысында тергеу үшін маңызы бар баспа материалдары мен жазбалар тәркіленді. Осыған ұқсас материалдар оның автокөлігінің салонынан да анықталды.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның тіркелген парақшасында жарияланған материалдар да зерделенді. Сот дінтану сараптамасының қорытындысына сәйкес, жекелеген пікірлерінде діни араздық пен алауыздықты қоздыру белгілері анықталған.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процестік әрекеттер жүргізілуде.
Полиция «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін фактілерге уақтылы ден қою жұмыстарын жалғастыруда.







