Авторлық турлар: туристік сапарларды ұйымдастырушылар нені білуі керек?

    Авторлық турлар: туристік сапарларды ұйымдастырушылар нені білуі керек?

    Шығыс Қазақстан облысының Туризм және инвестиция басқармасы Қазақстан Республикасының туристік сапарларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттейтін заңнама талаптары туралы хабарлайды.

    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес туроператорлық қызмет лицензиялауға жатады. Егер ұйымдастырушы туристік қызметтер кешенін қамтитын туристік өнімді өз бетінше қалыптастырып, өткізсе, мұндай қызмет заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес және тиісті лицензия болған жағдайда жүзеге асырылуы тиіс.

    Лицензия алудың негізгі талаптары

    Туроператорлық қызметті жүзеге асыру үшін, атап айтқанда, мынадай талаптарды орындау қажет:

    • қалыптастырылған туристік өнімнің болуы;
    • туризм саласында білімі және кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар кемінде бір қызметкердің болуы;
    • заңды негізде пайдаланылатын кеңсе үй-жайының болуы.

    Шығу туризмі саласында қызмет көрсететін туроператорларға Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын кепілдендіру жүйесіне қатысты қосымша талаптар қойылады.

    Авторлық турларды ұйымдастырушылар нені ескеруі керек?

    Instagram, TikTok, WhatsApp, Telegram және басқа да әлеуметтік желілерде авторлық турлар, демалыс күндеріне арналған турлар, экспедициялар, автотурлар және саяхаттардың өзге де түрлері бойынша ақылы қызметтер ұсынылады.

    Мұндай қызметтің құқықтық мәртебесін айқындау кезінде оның нақты мазмұны ескеріледі. Қызметтің атауы өздігінен оны лицензиялау қажеттілігін анықтамайды.

    Егер ұйымдастырушы туристік өнімді коммерциялық негізде өз бетінше қалыптастырып, жарнамалап және өткізсе, өз қызметінің туроператорлық қызмет белгілеріне сәйкестігін анықтап, заңнамада көзделген талаптарды орындауы қажет.

    Белгіленген талаптарды сақтау туристердің құқықтарын қорғауға, саяхаттардың қауіпсіздігін арттыруға және туристік нарық қатысушылары үшін қызметтің ашық әрі айқын шарттарын қалыптастыруға ықпал етеді.

    Шығыс Қазақстан облысының Туризм және инвестиция басқармасы туристік сапарларды ұйымдастырушыларға өз қызметінің құқықтық мәртебесін алдын ала тексеріп, тиісті негіздер болған жағдайда қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуді ұсынады.

    Толық ақпаратты туроператорлық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу тәртібі бойынша Қазақстан Республикасының электрондық лицензиялау порталы — eLicense.kz және Шығыс Қазақстан облысының Туризм және инвестициялар басқармасының ресми ресурстарынан алуға болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының туризм және инвестиция басқармасы" жаңалықтары