Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау басталды: өңірлерге 2,1 млн доза жеткізіледі

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау басталды: өңірлерге 2,1 млн доза жеткізіледі

    Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Халықты тегін вакцинациялау үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынды. Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіле бастады. Вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлерге вакцинаны жеткізу 5 қазанға дейін жоспарланған, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі. Вакцина жеткізілген медициналық ұйымдарда халықты иммундау жұмыстары басталды. Вакцинациялау науқанын өткізу үшін ресейлік өндірістің «Гриппол®️» вакцинасы сатып алынды. Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді. Бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуларына барынша осал халық топтарына тегін вакцинациялау жүргізу көзделген. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлері, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар. Өңірлерге вакцинациялау науқанын уақтылы бастауды және нысаналы топтар үшін вакцинациялаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды. Қазан айы – сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі басталғанға дейін вакцинациялау жүргізу үшін оңтайлы кезең. Вакцина алғаннан кейін организмге иммундық қорғанысты қалыптастыру үшін белгілі бір уақыт қажет. Вакцинациялау тұмаумен ауыру қаупін, ең алдымен, аурудың ауыр өтуі мен асқыну ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді. Нысаналы топтарға жататын азаматтарға вакцинациялау туралы ақпарат алу үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға уақтылы жүгіну ұсынылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары