
Осы ауқымды тақырыпта 16 қыркүйек күні Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында «Жаныңдамын» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Х.Досмухамедов атындағы университеттің акт залында қалалық форум өтті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасы мүшелерінің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шараға Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов қатысып, сөз сөйледі.
Форумның негізгі мақсаты – қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдары жөнінде ақпараттандыру, қауіп белгілерін ерте анықтау және зардап шеккен азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру болатын.
Форумның басты спикері ретінде халықаралық сарапшы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс тобының сарапшысы, «Law & Work» қоғамдық қорының президенті Лауэра Закиқызы Ахметжан қатысты.
Ол «Қауіпсіз отбасы – қауіпсіз қоғамның негізі: нөлдік төзімділіктен жүйелі профилактикаға дейін» тақырыбында баяндама жасап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы мемлекет, қоғам және отбасының ортақ жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ Форум барысында сөйлеген спикерлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындау себептері, оның әйелдер мен балалардың психологиялық жағдайына әсері, қауіптің алдын ала белгілері, зардап шеккен адамдарға көмек көрсету жолдары және осы бағыттағы шетелдік тәжірибелер талқыланды.
Шараға барлығы 150 адам қатысты. Олар: облыстық әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, полиция қызметкерлері, отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтарының мамандары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтер, әлеуметтік сала қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері.








