
Қазақстан мен Әзербайжан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Ынтымақтастық дәрігерлерді даярлау мен тәжірибе алмасудан бастап, медициналық туризмді, цифрлық технологияларды және бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға дейінгі бағыттарды қамтиды.
Ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын екі елдің денсаулық сақтау министрлері Ақмарал Әлназарова мен Теймур Мусаев Бішкек қаласында өткен кездесуде талқылады.
Негізгі бағыттардың бірі медициналық кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамыту болмақ. Қазақстан Әзербайжан мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламаларын кеңейтуді, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуды ұсынды.
Бүгінде Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында Әзербайжанның 31 азаматы «Жалпы медицина», «Стоматология» және «Педиатрия» мамандықтары бойынша білім алуда.
Қазақстан тарапы әзербайжандық әріптестерін медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытудағы отандық тәжірибемен, оның ішінде Алматы облысындағы ДДСҰ-ның МСАК жөніндегі демонстрациялық алаңының жұмысымен танысуға шақырды.
Медициналық туризм мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстанда шетелдік пациенттерге кардиохирургия, онкология, трансплантология, нейрохирургия, репродуктивтік медицина, стоматология және кешенді диагностика бағыттары бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі.
Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру перспективаларын, денсаулық сақтауда цифрлық технологияларды дамыту және төтенше жағдайлар кезіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін де талқылады.
Ақмарал Әлназарова әзербайжандық тарапты климаттың өзгеруінің халық денсаулығына әсеріне арналған Қазақстанның тақырыптық іс-шарасына қатысуға шақырды. Талқылаудың негізгі мәселелері – жүкті әйелдер, аналар, жаңа туған нәрестелер мен балаларды қоса алғанда, халықтың осал топтарын қорғау.
Кездесу барысында екі елдің денсаулық сақтау саласындағы халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылы да талқыланды.
«Біз елдеріміздің денсаулық сақтау жүйелері үшін нақты нәтиже беретін практикалық ынтымақтастыққа мүдделіміз. Бұл – мамандар даярлау, тәжірибе алмасу, заманауи медициналық және цифрлық технологияларды енгізу. Қазақстан Әзербайжанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Кездесу Бішкек қаласында денсаулық сақтау саласындағы халықаралық іс-шаралар шеңберінде өтті.









