Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Қарттар күніне арналған жазбасы

    Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Қарттар күніне арналған жазбасы

    Бүгін Халықаралық қарттар күніне орай, еңбек ардагері Идош Мұсақұлұлы ағамыз бен тыл ардагері Надежда Николаевнаның шаңырағына барып, мерекемен құттықтап шықтым. Қос қарияның тілеуі - елдің амандығы.

    Өңіріміздің өсіп-өркендеуіне үлесін әлі де қосып жүрген ағаларымыз бен ақ жаулықты апаларымызды да құттықтауды қалыс қалдырмадым. Мерекелік шарада бас қосып, олармен емен-жарқын әңгімелесіп, өткенді еске алып, бүгінгі күннің тынысын сөз еттік.

    Қазақ «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді. Шынында да, үлкені бар елдің өнегесі бар. Біздің ардақты ардагерлеріміз - талай жыл маңдай термен еңбек етіп, елдің ыстығына күйіп, суығына тоңған буын.

    Бүгінде еліміз жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып, қоғамның береке-бірлігін бекемдеуге, елдің болашағын айқындайтын құндылықтарды орнықтыруға басымдық беріп отыр. Бұл ретте біз үшін Президент айқындаған үш ұстанымның мәні ерекше. Ол елдің іргесін берік ететін конституциялық құндылықтар, қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық мәдениет және білім мен ғылымды, жаңа технология мен инновацияны, мәдениет пен ағартушылықты дамыту арқылы жас ұрпаққа жол ашу. Бұл ретте аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерінің орны айырықша.

    «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейді халқымыз. Бүгінгі жасқа біліммен бірге елге деген жауапкершілік, еңбекке деген құрмет, туған жерге деген жанашырлық қажет. Осындай қасиеттерді бойға сіңіруде аға буынның өнегесі ешқашан маңызын жоғалтпайды.

    Қадірлі ағалар мен ардақты апаларымызды тағы да Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын!

    Баршаңызға ең алдымен мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Бала-шағаның рахатын, немере-шөберенің қуанышын көріп, елдің ақылшысы болып жүре беріңіздер.

    Ақ баталарыңыз елге қуат, кейінгі ұрпаққа бағыт болсын. Әр шаңырақта береке, әр отбасында қуаныш ортаймасын!

    Ел аман, жұрт тыныш болсын!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Әйтеке би ауданы әкімдігі" жаңалықтары