Ақтөбе облысының өндірістік нысандарында қауіпсіздікті арттыру шаралары айқындалды

    Ақтөбе облысының өндірістік нысандарында қауіпсіздікті арттыру шаралары айқындалды

    Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Ысқақов Ақтөбе облысына барған сапарында «ТҰК «Қазхром» АҚ филиалы – Дон тау-кен байыту комбинатының қауіпті өндірістік нысандарын, атап айтқанда «Болашақ» және «Молодежная» шахталары мен № 2 байыту фабрикасын тексерді. Бұл ретте кәсіпорынның қызметі, инфрақұрылымы мен жабдықтардың техникалық жай-күйі сараланып, өнеркәсіптік қауіпсіздікті ұйымдастыру барысы зерделенді. Нысандарды қауіпсіз пайдалану, белгіленген талаптарды сақтау, өндірістік бақылау, сондай-ақ құрылғыларды уақтылы куәландыру мен диагностикалау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Сонымен бірге басқару жүйесін жетілдіруге, техникалық жай-күйді бақылауды күшейтуге, персоналды қорғауға және авариялардың алдын алуға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жайы қаралып, бірқатар негізгі міндеттер белгіленді. «Болашақ» шахтасында сутегінің бөлінуі анықталуына байланысты оны газ бойынша қауіпті санатқа жатқызу және осы санатқа көзделген өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының толық кешенін орындау жүктелді. Ал «Молодежная» шахтасында жерасты тау-кен қазбаларында жұмыскерлердің орналасқан жерін айқындайтын позициялау жүйесінің жоқтығы көрсетіліп, персонал қауіпсіздігін арттыру үшін аталған жүйені жедел енгізу тапсырылды.
    Сапар қорытындысы бойынша шұғыл шаралар қабылдауды талап ететін өзекті мәселелер нақтыланып, Дон тау-кен байыту комбинатындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін жақсарту бойынша алдағы негізгі бағыттар айқындалды.




    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" жаңалықтары