Қарағандыда архив ісі және құжаттаманы басқару мәселелеріне арналған өңірлік семинар өтті.

    Қарағандыда архив ісі және құжаттаманы басқару мәселелеріне арналған өңірлік семинар өтті.

    Қарағанды қаласында архив ісі және құжаттаманы басқару саласындағы өзекті мәселелерге арналған өңірлік семинар өз жұмысын қорытындылады. Екі күнге созылған кәсіби жиынға Қазақстанның бес облысынан 250-ге жуық архив саласының маманы қатысты.

    Семинар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Архив ісі саласындағы мемлекеттік саясат және бақылау басқармасының ұйымдастыруымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп, Қарағанды облысының Мемлекеттік архиві базасында өткізілді.

    Жиынның негізгі мақсаты - архив ісі мен құжаттаманы басқару саласындағы заңнамалық өзгерістерді түсіндіру, жаңа талаптарды тәжірибеде қолдану мәселелерін қарастыру, сондай-ақ архив қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

    Семинардың алғашқы күні архив ісі мен құжаттаманы басқару саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасына енгізілген негізгі өзгерістерге арналды. Мамандарға қолданыстағы нормативтік талаптар, архивтердің және тиісті қызметтердің жұмысындағы жаңа бағыттар түсіндіріліп, заңнамалық нормаларды практикалық қызметте қолдану тәртібі қарастырылды.

    Сонымен қатар қатысушылар архив құжаттарын сақтау, есепке алу, пайдалану және құжаттаманы басқару үдерістерін ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында мамандарды қызықтырған сұрақтарға жауаптар беріліп, нақты жұмыс тәжірибесіне негізделген түсіндірмелер ұсынылды.

    Семинардың екінші күні «Е-Архив» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу тәжірибесіне арналды. Практикалық сабақтар барысында мамандар ақпараттық жүйенің негізгі функционалдық мүмкіндіктерімен танысып, оны жұмыс барысында пайдалану тәртібін меңгерді.

    Қатысушыларға жүйенің тиімді мүмкіндіктері, ақпаратпен жұмыс істеу алгоритмдері, сондай-ақ техникалық және әдістемелік сүйемелдеу мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірме берілді. Практикалық формат мамандарға алған білімдерін тікелей жұмыс барысында қолдануға мүмкіндік берді.

    Өңірлік семинар аясында архив саласындағы өзекті мәселелер ашық форматта талқыланып, қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Мамандар жұмыс үдерістерін жетілдіру, архив ісін цифрландыру және заманауи ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану бағыттары бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

    Жиынның маңызды бөлігі ретінде Қарағанды облысының Мемлекеттік архиві қорларындағы құжаттардан арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме арқылы қатысушылар өңір тарихына қатысты архивтік құжаттармен танысып, тарихи деректердің сақталуы мен оларды ғылыми және қоғамдық айналымға енгізудің маңызын бағамдады.

    Өңірлік семинар архив саласы мамандарының кәсіби байланысын нығайтып, тәжірибе алмасуына, заңнамалық және цифрлық өзгерістерді талқылауына, сондай-ақ архив қызметін одан әрі жетілдірудің өзекті бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары