
Әкімдіктермен бірлесіп стационарлық медициналық көмекті жаңғырту бойынша ауқымды бағдарламаны жалғастырып жатырмыз. Оның басты мақсаты – бүгінде тапшы болып отырған бейінді бөлімшелерді өңірлерде қайта ашу, бұл адамдарға қажетті ем алу үшін облыстық және республикалық орталықтарға бармауына мүмкіндік береді.
2026 жылдың басынан бері 475 төсекке арналған 37 жаңа бейінді бөлімше ашылды. Олар сұранысы жоғары жеті бағыт: гастроэнтерология, ревматология, пульмонология, эндокринология, нефрология, гематология және кардиология бойынша жұмыс істейді.
Мұндай бөлімшелердің тапшылығы не себепті пайда болды? Қаржыландырудың жеткіліксіз болуына байланысты бөлімшелер біртіндеп қысқарып немесе жабылып отырды.
Сондықтан 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап стационарлық емдеуге арналған тарифтер қайта қаралды. Осы мақсаттарға қосымша 93,5 млрд теңге бағытталды.
Енді жаңа тарифтер ауруханаларға қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық шығыс материалдарымен қамтамасыз етуге, медициналық жабдықтарды жаңартуға және бейінді мамандардың жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың 6 айында стационарлық медициналық көмекті шамамен 980 мың пациент алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,5 мың пациентке көп. Сонымен қатар пациенттердің шамамен 80%-ы мемлекеттік ауруханаларда медициналық көмек алды.
Мен үшін стационарлық көмектің дамуы ашық төсек санымен емес, адам үшін медициналық көмектің қолжетімділігі қаншалықты өзгергенімен өлшенуі өте маңызды.








