
Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету барысында «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесін пайдалану мәселелері бойынша жиын өтті.
Жиынға Шымкент қаласының Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова, Шымкент қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Исфандияр Құралбаев, Анықтау басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Мантеев, Шымкент қаласының адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймұратов, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген заң көмегі бойынша қызмет көрсететін адвокаттар қатысты.
Кездесу барысында адвокаттар мен заң консультанттарынан келіп түсетін өтініштерді «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесіне енгізу тәртібі талқыланды.
Атап айтқанда, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегіне ақы төлеуге байланысты өтініштер бірыңғай цифрлық жүйеде электрондық нысанда рәсімделуі тиіс екені атап өтілді. Осыған байланысты ГГЮП бағдарламасы бойынша қаулыларды тек «ЕРДР» және «Төрелік» жүйелері арқылы «Е-заң көмегі» платформасына енгізу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, ақпараттық жүйелер арқылы мәліметтерді уақтылы әрі дұрыс енгізу, белгіленген талаптарды сақтау және мемлекеттік кепілдік берілген заң көмегін көрсету процесін одан әрі цифрландыру мәселелері пысықталды. Жиын қорытындысы бойынша жауапты тараптарға тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жүйелерді талапқа сай пайдалану қажеттігі назарға алынды.








