
Астанада Азия жоғары аудит органдары ұйымы (АЗОСАИ) Басқарма кеңесінің 63-отырысы өтті. Оған Азия өңірінің 19 елінен жоғары аудит органдарының өкілдері қатысты. Мұндай форматтағы ресми іс-шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды.
АЗОСАИ – Халықаралық жоғары аудит органдары ұйымының (ИНТОСАИ) ірі өңірлік құрылымдарының бірі. Ұйым 1979 жылы Азия елдерінің аудиторлары арасындағы интеграцияны тереңдету мақсатында құрылды және бүгінде қарқынды дамып келе жатқан кәсіби бірлестіктердің бірі болып саналады.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы 2000 жылы АЗОСАИ-дың толыққанды мүшесі атанды. Бүгінде Палата экологиялық аудит, IT-аудит, тұрақты даму мақсаттары, өңірлік және муниципалдық деңгейдегі аудит жөніндегі жұмыс топтарына, сондай-ақ АЗОСАИ-дың нормативтік құжаттарын зерделеу жөніндегі нысаналы топқа мүше.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата АЗОСАИ-дың Аудиторлық комитетінің мүшесі болып екі рет сайланған. Ал 2024 жылы алғаш рет Ұйымның 2024-2027 жылдарға Басқарма кеңесінің мүшелігіне сайланды.
АЗОСАИ Басқарма кеңесінің отырысы мемлекеттік аудит саласындағы негізгі халықаралық іс-шаралардың бірі саналады. Оған дәстүрлі түрде Азия және араб өңірі елдерінің жоғары аудит органдарының бірінші басшылары, сондай-ақ әлемнің басқа да аудиторлық ұйымдарының өкілдері қатысады. Кезекті отырысты Астанада өткізу туралы шешім бір жыл бұрын Бакуде өткен АЗОСАИ Басқару кеңесінің 62-отырысында қабылданған болатын.
Қатысушылар Ұйымның өткен жылғы қызметі туралы баяндаманы қарады, ағымдағы қаржылық басқару және 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жоспары, басқа өңірлік ұйымдармен ынтымақтастық туралы есептерді тыңдады. АЗОСАИ-дың даму стратегиясын және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар экологиялық аудит, ТДМ, дағдарыстық жағдайларды басқару аудиті, мемлекеттік кәсіпорындар аудиті және басқа да бағыттар бойынша бейінді жұмыс топтарының есептері қаралды.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов өз сөзінде Басқарма кеңесінің мүшесі ретінде ҚР Жоғары аудиторлық палатасының АЗОСАИ-ды институционалдық тұрғыдан нығайтуға, сараптамалық ынтымақтастықты кеңейтуге және өңірде мемлекеттік аудиттің озық тәжірибелерін енгізуге белсенді ықпал етіп келе жатқанын атап өтті.
Осыған байланысты Ә.Смайылов әріптестеріне Қазақстан атынан жаңа бастама ұсынды. Ол Ұйым жанынан цифрлық трансформация жағдайындағы Стратегиялық аудит жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынды.
«Мемлекеттік аудит сапасын жаңа деңгейге көшірудің, атап айтқанда, мемлекеттік шешімдердің ұзақ мерзімді әсерін, ұлттық институттардың орнықтылығын және мемлекеттік жүйелердің болашақ сын-қатерлерге дайындық деңгейін бағалауға бағытталған стратегиялық аудитті дамытудың объективті қажеттілігі туындады», — деді ол.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы бүгінде жоғары аудит органдары қаржылық аудит, сәйкестік аудиті және тиімділік аудиті сияқты классикалық құралдарды нәтижелі қолданып отырғанын атап өтті. Алайда олардың басым бөлігі ретроспективті талдауға, яғни өткен нәтижелерді бағалауға, заңнаманың сақталуына және бюджет қаражатының мақсатты игерілуіне бағытталған.
Ал жаһандық белгісіздік, әлеуметтік-экономикалық процестердің жеделдеуі және цифрлық технологиялардың кең ауқымда енгізілуі жағдайында классикалық тәсілдер жеткіліксіз болып отыр.
«Стратегиялық аудит қабылданған шешімдердің нәтижелерін ғана емес, олардың ұзақ мерзімді тұрақтылығын, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарына сәйкестігін, әлеуетті жүйелік тәуекелдерді және мемлекеттік бағдарламалар мен институттардың болашақта қойылған мақсаттарға қол жеткізу қабілетін бағалауға мүмкіндік беретін құрал ретінде ерекше маңызға ие болады», — деп атап өтті Ә. Смайылов.
Бүгінгі жағдайда АЗОСАИ жаңа сын-қатерлерге тиімді жауаптар әзірлеуге мүмкіндік беретін бірегей әрі беделді алаң болып қала береді. Ал Басқарма кеңесінің мүшесі ретінде Жоғары аудиторлық палата Ұйымның барлық негізгі бағыттар бойынша дамуына белсенді түрде ықпал етуді жалғастырады.









