
МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДАН ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫНА ДЕЙІН: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ НАРЫҒЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРІП ЖАТЫР
Қазақстанның еңбек нарығы біртіндеп өзгеріп келеді: сұранысқа ие дағдылардың маңызы артып, жұмыс берушілер мен кадр даярлау жүйесінің өзара байланысы күшейіп, цифрлық құралдар лайықты жұмысты тезірек табуға мүмкіндік беруде. Бұл үдерістердің өзегінде мамандық таңдаудан бастап, біліктілік алуға, жұмысқа орналасуға және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге дейінгі адам факторы тұр. Адам үшін жұмыс – тек табыс көзі ғана емес, кәсіби дағдыларын іске асыруға, дамуға және болашаққа жоспар құруға мүмкіндік беретін маңызды өмірлік мәнге ие. Сондықтан еңбек нарығының жай-күйін кешенді түрде бағалау қажет. Яғни экономикаға қандай мамандар қажет, кадр даярлау жүйесі осы сұранысқа қаншалықты сәйкес келеді, адам жұмысын қалай табады және кейін қандай жағдайда еңбек етеді деген мәселелерге назар аударылады. 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды, жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығындағы жалпы ахуалды көрсетеді. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың сапалық сипаттамалары да маңызды. Олардың қатарында жұмыстың тұрақтылығы, еңбекақы деңгейі, еңбек құқықтарының сақталуы және қауіпсіз еңбек жағдайлары бар. Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – сапалы жұмыс орындарының санын арттыру. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай олардың санын 3,8 млн-ға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай жұмыс орындарының саны шамамен 2,9 млн болды. Сапалы жұмыс орындарына жылына кемінде алты ай жұмыспен қамтуды, өңірдегі медианалық жалақыдан төмен емес еңбекақыны, қауіпсіз еңбек жағдайларын және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін жұмыс орындары жатады. Яғни мәселе тек жаңа жұмыс орындарын құруда емес, олардың сапасы мен тұрақтылығын арттыруда да болып отыр. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға дейін экономикаға шамамен 2,9 млн кадр қажет болады. Мұндай болжам салалар мен өңірлердің мамандарға деген перспективалық қажеттілігін алдын ала айқындауға және оны кадр даярлау жүйесін қалыптастыру кезінде ескеруге мүмкіндік береді.









