
2026 жылғы 24 қыркүйекте Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік органдардың қатысуымен Бірыңғай есеп беру күні өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері мен өңірдің кәсіпкерлері қатысты.
Іс-шара барысында Ұлытау облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Айнур Сатаева Департаменттің әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы қызметі туралы ақпарат берді.
Кездесуде мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлерге қолжетімді және кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған заңнама талаптары түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кәсіпкерлер нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер алды.
Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің заңнама талаптары бойынша құқықтық сауаттылығын арттыруға, практикада туындайтын мәселелерді тікелей талқылауға және оларды шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға мүмкіндік береді.
Қолжетімді орта қалыптастыру – мемлекет, бизнес және қоғамның ортақ міндеті.









