
Семей қаласы мәслихатының өндірістік мәселелер және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының депутаттары мәслихат аппаратының басшысымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, «Теплокоммунэнерго» КМК және жылу инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, «103–103А», «Габбасова», «Центр» қазандықтарын, сондай-ақ Момышұлы көшесіндегі ТК-1 ( «Қуаныш» балабақшасы) нүктесінен басталатын жылу желісінің учаскесін аралап көрді.
Аралау жұмыстарының мақсаты — аталған жылумен жабдықтау нысандарының алдағы 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығымен және жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысу.
«Центр» қазандығында қазандықтар мен түтін сорғышқа негізгі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта су құбырына, химиялық су тазарту (ХВО) сүзгілеріне және шатырға қатысты жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар бес желілік сорғы ауыстырылды.
«103–103А» қазандығында негізгі жабдықтарға, атап айтқанда сорғыларға, аккумуляторлық бакқа, түтін сорғышқа, деаэраторға және бу-сулы жылытқыштарға кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Габбасова» қазандығында деаэраторларды ауыстыру, шатырды жөндеу және №3 қазандықты қаптау жұмыстары жалғасуда. Негізгі жөндеу жұмыстарын 25 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
ТК-1-ден («Қуаныш» балабақшасы) басталатын жылу желісінің учаскесінде жалпы ұзындығы 1,47 км болатын негізгі жөндеу жұмыстарының көлемі орындалды. Демонтаж жұмыстары 100% аяқталды, монтаж жұмыстары 1,42 км учаскеде жүргізілді. Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру және қайта көму жұмыстары жүргізілуде.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 2023 жылғы 75%-дан 58,7%-ға дейін төмендеді. 2026 жылға жоспарланған жөндеу іс-шаралары толық орындалған жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейін одан әрі 54,1%-ға дейін төмендету күтілуде.
Жалпы, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта 21 жылу көзінің 16-сы 100% дайын. Жылу желілерінде жоспарланған 53,7 км жөндеу жұмыстарының 51,3 км орындалды.
Қалған жөндеу жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда.









