
Павлодарда Қазақстан мен Ресей делегацияларының қатысуымен «Ертіс: достық өзені - даму өзені» тақырыбында II халықаралық форум өтті. Форум іс-шараларына 150-ден астам адам, оның ішінде Ресей Федерациясының Омбы және Түмен облыстарынан 65 адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының өкілдері қатысты.
Іскерлік бағдарлама басталар алдында форумға қатысушылар «Денсаулық» саябағындағы көрнекті ғалымдар Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ делегациялар «Павлодар облысы: жетістіктер, мүмкіндіктер, перспективалар» атты көрмені тамашалады. Онда өңірдің 40-тан астам ірі кәсіпорны мен 70 шағын және орта бизнес өкілі өз өнімдері мен жобаларын таныстырды. Көрмеде экономиканың негізгі салалары - энергетика, металлургия, машина жасау және IT, тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ «Павлодар» АЭА кәсіпорындары қамтылды.
Форумның негізгі іс-шарасы Ертіс өзенінде кеме қатынасын дамыту, экологиялық қауіпсіздік, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған пленарлық отырыс болды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөзінде өңірдің шекара маңы ынтымақтастығындағы ерекше рөліне тоқталды. Павлодар облысының Ресеймен 700 шақырымнан астам ортақ шекарасы бар және Қазақстанды Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен байланыстыратын көлік бағыттарының тоғысында орналасқан.
- Бүгінде алдымызда нақты міндет тұр. Бұл - өзен, теміржол, автокөлік және әуе тасымалдарын біріктіретін, Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк қозғалысының тиімділігін арттыратын заманауи көлік-логистикалық жүйені қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Омбыда өткен жуырдағы өңіраралық ынтымақтастық форумында атап өткендей: «Әлемдегі ең ұзын әрі үздіксіз құрлық шекарасы ортақ Қазақстан мен Ресейдің Еуразия құрлығының көлік-логистикалық архитектурасын дамытуда жетекші рөл атқаруы Жаратқанның жазуымен бұйырған». Бұл Павлодар облысы үшін айрықша өзекті, - деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Павлодар облысының сыртқы саудадағы негізгі серіктесі болып табылатын Ресеймен сауда-экономикалық ынтымақтастық нығайтылуда. 2025 жылы тауар айналымы 1,6 млрд АҚШ долларын құраса, биылғы алты айда бұл көрсеткіш 720 млн АҚШ долларына жетті.
Тұрақты жүк ағыны көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуды талап етеді. Негізгі бағыттардың қатарында Ертіс өзені арқылы жаңа көпір салу, әуе қатынасын дамыту және өзеннің көлік әлеуетін пайдалану бар.
Форумның маңызды тақырыптарының бірі Ертіске халықаралық көлік артериясы рөлін қайтару болды. Өңірде өзен арнасын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі трансшекаралық учаскеде қажетті тереңдікті қамтамасыз ету үшін бұл жұмыстарды Ресей тарапымен үйлестіруді ұсынды.
- Ертіс өзені арқылы тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімді болатын жүктердің тізбесін бірлесіп айқындап, тұрақты жүк бағыттарын қалыптастыруға көшу қажет, - деді өңір басшысы.
Павлодар өзен порты ірі көлемдегі жүктермен жұмыс істеуге арналған қажетті инфрақұрылымға ие. Бұл мүмкіндіктерді талқылаудан нақты жүк жобаларын іске асыруға көшуге негіз қалыптастырды.
Өңір басшысы жүк тасымалдарын цифрландыруға да ерекше назар аударды. Атап айтқанда, жүктерді қадағалау, электрондық құжат айналымын енгізу, шекара және кеден рәсімдерін үйлестіру мәселелеріне тоқталды.
- Бүгінде бизнес үшін жеткізу жылдамдығы мен болжамдылығы тасымалдау құны сияқты маңызды. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту цифрлық интеграциямен және келісілген шешімдермен қатар жүруі тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Тағы бір басым бағыт - Ертістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қатысушылар су ресурстарын сақтау, оларды ұтымды пайдалану және трансшекаралық өзеннің экожүйесін қорғау қажеттігін атап өтті.
Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко форумды ұйымдастырғаны үшін Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа және өңір әкімдігіне алғыс айтып, қол жеткізілген уағдаластықтардың тәжірибелік маңызын атап өтті.
- Бір жыл бұрын оны тұрақты түрде, Қазақстан мен Ресей өңірлерінде кезекпен өткізуге келіскен едік. Бүгін біз сіздермен бірге Павлодардамыз және бұл біздің сөзіміздің істен алшақ еместігін көрсетеді.
Шілде айында Омбыда өткен Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастығы форумында өз өңірімізде кедендік инфрақұрылымы бар мультимодальды көлік торабын құру жобасын талқылауды бастадық. Ол Ертіс өзені арқылы өтетін Қытай-Қазақстан-Ресей көлік дәлізінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Бұл жобаның іске асырылуы шекара маңындағы аумақтарымыздың дамуына жаңа серпін беріп, өңірлеріміз арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтатынына сенімдімін, - деді Виталий Хоценко.
Талқылауға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Абай облысының әкімі Берік Уәли де қатысты. ШҚО басшысы Ертістің жоғарғы ағысының су ресурстарын қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, оларды сақтау бағытында бірлескен жұмыстың қажеттігіне тоқталды. Абай облысының әкімі өзеннің экономика, көлік, сауда және туризм салаларындағы маңызын атап өтті.
Форумның маңызды бөлігі экологиялық ағарту жұмыстарына арналды. «Павлодар география үйі» ҚБ директоры Александр Вервекин өңірлердің ғылыми және қоғамдық әлеуетін біріктіруге бағытталған «Фарватер» Ертіс академиясы жобасын таныстырды.
Пленарлық отырысты қорытындылай келе, Асайын Байханов өңірлерді Ертісті экологиялық тұрғыдан орнықты трансшекаралық өзен ретінде бірлесіп сақтауға, оның көлік әлеуетін қалпына келтіруге және тиімді географиялық орналасуын бәсекелестік артықшылыққа айналдыруға шақырды.
Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша іскерлік орта өкілдерінің B2B форматындағы кездесулері өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев









