Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады.
Сапар бағдарламасы алдымен Бәйет ауылынан басталды. Мұнда өңір басшысы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысты. 50 адамға дейін қабылдауға арналған нысанның жалпы ауданы 800 шаршы метрден асады. Кешенде қазақ күресі, волейбол, баскетбол және үстел теннисімен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Тағы бір маңызды оқиға - жаңа пәтерлердің кілттерін табыстау рәсімі болды. М. Әуезов көшесі, 32 мекенжайындағы тұрғын үйден халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 31 отбасы баспаналы болды. Үйдің құрылысы 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың тамызында аяқталған.
Жаңа қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй мәселесін шешудің маңыздылығын бірнеше мәрте атап өткен болатын. Бүгін Екібастұз қаласының тағы 31 отбасы баспаналы болды. Өңір тұрғындарының басым бөлігі өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсарта алуы үшін бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, - деді өңір басшысы.
Сапар барысында жылу беру маусымының өтуіне де ерекше назар аударылды. Екібастұз ЖЭО-да Асайын Байханов қала әкімі Аян Бейсекин мен «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаевтың баяндамаларын тыңдады.
Қалада жылу беру маусымы 15 қыркүйекте басталды. Бүгінде барлық тұтынушы жылумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 93 әлеуметтік нысан, 710 көппәтерлі және 6 525 жеке тұрғын үй бар.
Станцияда №6, 9, 12 және 15 төрт қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр, тағы алты қазандық резервте. ЖЭО температуралық кестеге сәйкес жұмыс істеуде. Көмір қоры 56 мың тоннадан асады.
Жылу беру маусымы басталғанға дейін кәсіпорын өз қаражаты есебінен жоспарланған жөндеу жұмыстарын жүргізді. №9 қазандық агрегатына күрделі жөндеу, ал №12 және №14 агрегаттарына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар қалған қазандық агрегаттары мен №1 турбогенераторға ағымдағы жөндеу жұмыстары орындалды.
Сонымен қатар станция аумағында ауданы 2 400 шаршы метрден асатын жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы жалғасуда. Жоба қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған. Кешенде спорт және жаттығу залдары, 560 адамға арналған жеке шкафтары бар киім ауыстыру бөлмелері, жуыну кабиналары, бу бөлмесі, сондай-ақ әкімшілік және медициналық блоктар қарастырылған.
Кешеннің құрылысы 2026 жылдың тамызында басталды. Бүгінгі таңда металл құрылымдары орнатылып, іргетасын гидрооқшаулау жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта қабырғалары мен шатырын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысанды 2027 жылдың сәуірінде пайдалануға беру жоспарланған.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов жауапты қызметтер мен қала басшылығына жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді, Екібастұз ЖЭО жұмысы мен жылу желілерінің жағдайына тұрақты бақылауды күшейтуді тапсырды. Басты міндет - қала тұрғындары мен әлеуметтік нысандарды тұрақты әрі сенімді жылумен қамтамасыз ету.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









