Астаналық зілтеміршілер ел чемпионатында үш медаль жеңіп алды

    1 / 7

    Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Жарысқа еліміздің әр өңірінен 16 команда құрамында 165 спортшы қатысты. Елорда намысын 11 зілтемірші қорғады.
    Чемпионат қорытындысы бойынша Астана қаласының құрамасы бір алтын және екі күміс медаль иеленді.

    69 келі салмақ дәрежесінде 14 жастағы Маргарита Ермакова топ жарды. Жас спортшы жұлқа көтеруде 94 келіні, серпе көтеруде 118 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша 212 келі нәтижемен Қазақстан чемпионы атанды.

    «Дәл осы ел чемпионатына арнайы дайындалдым. Сондықтан алдыма қойған жоспарым толықтай орындалды. Енді мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта бұдан да биік мақсаттарға ұмтыламын», – деді Маргарита Ермакова.

    Ерлер арасында 85 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Едіге Емберді күміс жүлдеге ие болды. Оның қоссайыс қорытындысы бойынша нәтижесі 345 келіге (жұлқа көтеруде – 152 келі, серпе көтеруде – 193 келі) жетті.

    Елордалық құраманың қоржынына тағы бір күміс медальді 86 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен София Шешукова салды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 228 келі (жұлқа көтеруде – 101 келі, серпе көтеруде – 127 келі) нәтиже көрсетіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары