
Сарыағаш ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа нысан пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, кәсіпкерлік саласының өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа нысанның ашылуы аудан экономикасының дамуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруына оң ықпал ететінін атап өтті. Аудан басшысы кәсіп иесінің жұмысына табыс тілеп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне ізгі тілегін білдірді.
Айта кетсек, жаңа нысанның құрылысы 2025 жылы басталған. Жалпы аумағы 350 шаршы метрді құрайтын ғимарат үш қабаттан тұрады. Нысанда дәмхана, қонақ күту орындары, мейрамхана қарастырылған.
Сонымен қатар ғимараттың 3-қабатында келушілерге арналған ашық терраса қарастырылған. Жобаны жеке кәсіпкер Ғалымжан Ибрагимов жүзеге асырған. Кәсіпкерлік нысанға тартылған инвестиция көлемі 210 млн теңгені құрайды. Жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысанда 20 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі









