
Егін жинау жұмыстары басталар алдында ауыл шаруашылығы техникасының жарамдылығын тексеріп, оны өрт сөндіргіштермен қамтамасыз ету қажет.
Дала жұмыстары уақтылы жүргізілуі тиіс, ал егістік алқаптардың аумағын өрттің таралуына жол бермейтін минералдандырылған жолақтармен қоршау қажет.
Егістік алқаптарда темекі шегуге және арнайы белгіленген орындардан тыс жерде ашық отты пайдалануға тыйым салынады.
Аңыздарды және егін жинаудан кейін қалған өсімдік қалдықтарын өртеуге жол берілмейді, өйткені бұл ірі өрттердің негізгі себептерінің бірі болып табылады.
Павлодар облысында өрттердің алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 502 профилактикалық кездесу өткізілді. Оларға 6 000 астам адам қатысты. Сонымен қатар, 3 000 астам нұсқама өткізіліп, шамамен 34 мың адам қамтылды. Сондай-ақ табиғи өрттерді сөндіру бойынша 24 бірлескен оқу-жаттығу ұйымдастырылды.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау егінді сақтап, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.









