
Кейде табиғатты қорғау деген сөздің артында қанша еңбек тұрғанын сырт көз аңғара бермейді. Тұрысбек Абдраманұлы Алимбеков 2006 жылдан бері Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында мемлекеттік инспектор болып еңбек етіп келеді. Оның қызмет орны — Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Көксай кордоны. Көксай — мемлекеттік шекараға жақын орналасқан таулы аймақ. Мұнда қыс ерте түсіп, көктем кеш келеді. Қалың қар, боран мен құбылмалы ауа райы инспектор жұмысының күнделікті жағдайының бір бөлігі. Осындай ортада ол өзіне бекітілген аумақты бақылап, табиғи кешендер мен жануарлар дүниесін қорғау жұмыстарын атқарып келеді. Оның өмірінде Көксаймен байланысты өте ауыр күн де болды. 2017 жылғы 17 ақпанда шатқалда қар көшкіні жүрген кезде Тұрысбек Абдраманұлы тиісті органдарға дереу хабар беріп, қажетті құралдарын алып, оқиға орнына аттанды. Құтқару жұмыстары кезінде қар астынан 16 әскери қызметші шығарылды. Өкінішке қарай, олардың жетеуі қаза тапты. Өзі де қауіптің ортасында болғанына қарамастан, ол адамдарға көмектесіп, құтқару жұмыстарына қатысты. Бұл күн оның жадында ең ауыр сәттердің бірі болып қалды. Көп жылғы қызметі мен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Тұрысбек Абдраманұлы «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтауға қосқан үлесі үшін III дәрежелі медальмен марапатталған. 20 жылға жуық уақыт бір аумақтың тынысын танып, әр соқпағын жүріп өту — жай ғана жұмыс өтілі емес. Бұл — табиғатты қорғауға арналған ғұмырдың бір бөлігі









