
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен жұмыс кездесуі өткізілді. Негізгі назар Қазақстандағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктеріне және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мандатына аударылды. Уәкілдің конституциялық-құқықтық мәртебесі мен азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесіндегі рөлі туралы айтылды. Уәкіл қызметінің бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге жәрдемдесуге, жүйелі проблемаларды анықтауға және заңнаманы жетілдіруге бағытталғаны атап өтілді.
Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық негіздері, оның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, адам құқықтары саласындағы БҰҰ-ның халықаралық шарттары, Қазақстан Республикасының Конституциясы қаралды. Күнделікті өмірде, оның ішінде білім беру және цифрлық ортада, құқықтар мен бостандықтарды іс жүзінде іске асыру мәселелері жеке талқыланды.
Сондай-ақ азаптаулар мен қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынастың өзге де нысандарының алдын алуға бағытталған Ұлттық алдын алу тетігі туралы ақпарат берілді. ҰАТ қатысушылары қызметінің ерекшеліктері және бас бостандығы шектелген адамдар ұсталатын мекемелерге превентивтік баруларды жүзеге асыру және үйлестіру кеңесіне іріктеу жүйесі тәртібі түсіндірілді.
Құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы білім беру ортасының рөліне ерекше назар аударылды. Жастардың адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, академиялық адалдық қағидаттарын сақтау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруда оқытушылардың маңызы атап өтілді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Жастар комиссиясының қызметі туралы ақпарат берілді. Комиссия жастардың құқықтық-ағартушылық және құқық қорғау бастамаларына қатысуына жағдай жасайтын консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істейтіні атап өтілді.






