
Отбасы күніне орай, Шымкент қаласындағы ОАИУ-дың М.Сапарбаев ғимаратында жас отбасылардың басын қосқан ерекше интеллектуалдық сайыс өтті. «Бақыт мекені» жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі шараларды ұйымдастыру» жобасы аясында өткен «ОТАУ IQ» сайысы ерлі-зайыптылардың білімін ғана емес, өзара түсіністігі мен бір команда ретінде әрекет ету қабілетін де сынады.
Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға 18-35 жас аралығындағы жас отбасылар қатысты. Айта кетерлігі, «ОТАУ IQ» сайысы Шымкентте екінші рет ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, еліміз көлемінде де екінші мәрте өтіп жатқан жоба алғаш рет Шымкент қаласында қолға алынған болатын.
Сайысқа қатысушылар QUIZ форматында бақ сынасып, алты кезең бойынша барлығы 42 сұраққа жауап берді. «Әлқисса», «Ойлар қақтығысы», «Медиа әлемі», «Бақыт мекені», «Алдаспан» және «Global IQ» кезеңдерінде жалпы танымдық, логикалық, зияткерлік сұрақтармен қатар, отбасы құндылықтары, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, бала тәрбиесі және ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты тапсырмалар ұсынылды.
Әр сұрақты ерлі-зайыптылар өзара талқылап, ортақ шешімге келіп отырды. Осылайша сайыс білім жарысынан гөрі отбасындағы бірліктің, өзара тыңдай білудің және пікірге құрметпен қараудың маңызын айқындай түсті.
Шараның басты мақсаты да осында. Яғни, жас отбасылар арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтының қоғамдағы рөлін арттыру, ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігі мен сыйластығын нығайту және отбасылық командалық мәдениетті қалыптастыру.
Сайысқа қатысқан Мансуровтар отбасы шараның мазмұнына жоғары баға берді.
«Бүгінгі шара біз үшін өте қызықты өтті. Отбасымызбен бірге қатысып, бір-бірімізді бұрынғыдан да жақынырақ түсінгендей болдық. Сұрақтарды бірге талқылап, өзара білімімізді толықтырдық. Осындай отбасылардың басын қосатын тағылымды әрі көңілді шаралар алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылса екен», – дейді жас жұбайлар.
Шымкент қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Анарбайұлының айтуынша, мұндай жобалардың негізгі мәні – жас отбасылардың арасындағы татулық пен түсіністікті нығайту.
«Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар саясаты басқармасы «ОТАУ IQ» интеллектуалдық сайысын қолға алып отырмыз. Бұл шараға 25 тен аса жас отбасы ниет білдіріп, оның ішінде іріктеуден өткен 14 отбасы қатысып жатыр. Мұндай шараны өткізудегі мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ерлі-зайыптылар арасындағы татулық пен өзара түсіністікті нығайту. Осындай мазмұндағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді басқарма басшысы.
Интеллектуалдық сайыс барысында қатысушыларға арнайы мәдени бағдарлама да ұсынылып, ән мен биден шығармашылық нөмірлер орындалды. Ал, сайыс соңында жоғары ұпай жинаған отбасылар анықталып, жеңімпаздар мен арнайы номинация иелері марапатталды.
«ОТАУ IQ» – отбасылық құндылықтарды заманауи форматта насихаттаудың тиімді жолын көрсеткен жоба. Себебі, отбасы үшін барлық сұрақтың жауабын бір адамның білуі маңызды емес. Ең маңыздысы – сол жауапты бірге іздеп, ортақ шешімге келе білу. Ал, мұндай қасиет – берік отбасының ғана емес, тұтас қоғамның да негізі.









