Мәслихат төрағасының Отбасы күнімен құттықтауы

    Мәслихат төрағасының Отбасы күнімен құттықтауы

    Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!

    Депутаттық корпус атынан баршаңызды жүрекке жылу сыйлайтын айтулы мереке - Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

    Отбасы - әр адам үшін ең қымбат құндылық, мейірім мен сүйіспеншіліктің, өзара түсіністік пен қолдаудың қайнар көзі. Адамның тұлға болып қалыптасуы, жас ұрпақтың тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүр мен адамгершілік құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы да отбасынан бастау алады. Берекелі отбасы - баянды қоғам мен қуатты мемлекеттің берік негізі.

    Ақмола облысында отбасы институтын нығайтуға, ата-аналарды қолдауға, балалар тәрбиесіне және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беріліп келеді. Білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін ата-аналарды қолдау орталықтары мен «Даналық мектебі» клубтары ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарға баулуға ықпал етуде. Сондай-ақ, облыста жұмыспен қамту, құжаттарды ресімдеу, білім беру және т. б. мәселелер бойынша әртүрлі қызмет көрсететін 12 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.

    Ақмола өңірінің басты байлығы - бала тәрбиесі мен ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын еңбекқор, ынтымағы жарасқан отбасылар. Әр шаңырақтың берекесі мен әр баланың бақытты күлкісі - халқымыздың жарқын болашағының кепілі.

    Осы айтулы күні барша ақмолалықтарға зор денсаулық, өзара түсіністік пен сыйластық, отбасылық бақыт, бейбітшілік, молшылық пен береке тілеймін!

    Әр шаңырақта сүйіспеншілік пен татулық орнап, отбасы ошақтары жылулық пен қуанышқа толсын! Шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз кең, отбасыларыңыз аман, берекелеріңіз мол болсын!

    Бейбіт Жүсіпов,

    Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облыстық мәслихаты" жаңалықтары