
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік кірістер органдары келесі мемлекеттік қызметтерді көрсетеді:
Қарыз алушының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бойынша құжаттарды жолдау
Азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану мәселесін соттың қарауына қажетті құжаттарды қабылдау және жолдау жүзеге асырылады.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы ақпарат беру
Бұл қызмет жеке тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені немесе тіркелмегені туралы мәлімет береді және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе банкроттық рәсімдерін қолдану кезінде қажет болуы мүмкін.
Қаржылық басқарушы қызметінің басталғаны туралы хабарламаны қабылдау
Заң талаптарына сәйкес келетін тұлғалар (әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, аудиторлар және заң консультанттары) қаржылық басқарушы қызметін бастағаны туралы хабарлама ұсына алады.
Қаржылық басқарушылар тізіліміне енгізу
Белгіленген талаптар орындалғаннан кейін қаржылық басқарушы туралы мәліметтер қаржылық басқарушылар тізіліміне енгізіледі. Бұл оны азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдеріне тағайындауға негіз болады.
Еске саламыз, Заң аясында азаматтар үшін келесі рәсімдер қарастырылған:
• соттан тыс банкроттық;
• төлем қабілеттілігін қалпына келтіру;
• сот арқылы банкроттық.
Мемлекеттік қызметтерді заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік кірістер органдары және электрондық қызметтер арқылы алуға болады.









