Қазақстан ТМҰ-ға мүше елдерге адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы бірлескен күресті күшейтуді ұсынды

    Қазақстан ТМҰ-ға мүше елдерге адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы бірлескен күресті күшейтуді ұсынды

    Астанада өткен ТМҰ елдері ішкі істер министрлерінің кездесуінде адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

    Жыл басынан бері ҚР ІІМ адам саудасына қатысты 85 фактінің жолын кесті, заңсыз көші-қонның 9 арнасы жойылды.

    Бұл ретте баса назар тек осындай қылмыстарды ашуға ғана аударылып отырған жоқ. Елде жүйелі профилактикалық жұмыс және зардап шеккендерді қорғау ұйымдастырылған. БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп, адам саудасының құрбандарын анықтау жөніндегі іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, бекітілді.

    Кездесуде заңсыз көші-қонды ұйымдастыру үшін қолданылатын жаңа тәсілдерге ерекше назар аударылды.

    — Қылмыстық топтар мигранттарды заңдастырудың түрлі схемаларын пайдаланады — жалған жұмысқа орналастыру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жалған шақырулар жасау. Мұндай схемалар көбіне бір елдің шегінен шығып кетеді, сондықтан оларға қарсы бірлесіп іс-қимыл жасау қажет, — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

    Осыған байланысты ҚР ІІМ басшысы әріптестеріне заңсыз көші-қон арналары, оларды ұйымдастырушылар мен тасымалдаушылар, сондай-ақ адам саудасының құрбандары туралы жедел ақпарат алмасуды тұрақты жолға қоюды ұсынды.

    Жеке ұсыныс еңбек көші-қонына қатысты болды. Ержан Саденов еңбек мигранттары арасында қанау белгілерін анықтауға ерекше көңіл бөліп, осы бағытта бірлескен іс-шаралар өткізуді ұсынды.

    — Біздің ортақ міндетіміз — жекелеген фактілердің жолын кесумен ғана шектелмей, ұйымдастырушылар мен делдалдардан бастап, адамдарды тікелей қанаумен айналысатындарға дейінгі бүкіл тізбекті анықтау. Ең бастысы — зардап шеккендердің өздерін уақтылы анықтап, қорғау, — деп атап өтті министр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары