
Алматы қаласындағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияда “Жас сақшы” сыныбы ашылды. Сынып құрамына 8-сыныптың 24 оқушысы енді.
Жасөспірімдер салтанатты түрде ант қабылдап, құқықтық мәдениет, тәртіп пен азаматтық жауапкершілік негіздерін меңгеруге алғашқы қадам жасады.
Салтанатты рәсімге Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қатысты.
Сонымен қатар іс-шараға Генералдар кеңесі мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері, ұстаздар, ата-аналар және полиция қызметкерлері қатысты.
Жас қатысушыларға арнап сөз сөйлеген Айдын Кабдулдинов өскелең ұрпақты заңды құрметтеуге, жауапкершілік пен қоғам алдындағы міндетін сезінуге тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
— Бүгін сіздер үлкен әрі маңызды бастаманың, яғни “Жас сақшы” жобасының бір бөлігі атандыңыздар. Бұл жоба полиция қызметімен танысумен ғана шектелмейді. Ең алдымен, бұл – тәртіпке, жауапкершілікке және заңды құрметтеуге үйрететін мектеп. Осы жерде алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз алдағы өмірлеріңізде дұрыс шешім қабылдауға, қоғамға пайдасы тиетін азамат болып қалыптасуға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Айдын Кабдулдинов.
Іс-шара барысында мектеп оқушыларына арнайы бағдарлама ұсынылды. Арнайы бөлімше, кинологиялық қызмет және патрульдік полиция қызметкерлері өздерінің жұмыс бағыттарын таныстырды. Полиция департаментінің оркестрі өнер көрсетті. Сондай-ақ жасөспірімдер қызметтік көліктер мен полицияның арнайы құралдарымен танысты.
Жоба аясында жасөспірімдер арасындағы профилактикалық жұмыстарға да басымдық беріледі. Бостандық аудандық полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесі оқушылармен тәрбие және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тікелей қатысады. Полиция қызметкерлері профилактикалық кездесулер мен сабақтар өткізіп, балаларға заң талаптарын, қауіпсіздік ережелерін және құқық бұзушылық жасаған жағдайда көзделетін жауапкершілікті түсіндіреді.
Салтанатты рәсім соңында жас оқушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Іс-шара мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасты.









