ШҚО-да полиция пиротехника сататын орындарды тексеруде

    Жаңа жыл қарсаңында отшашулар мен петардаларға сұраныс арта түседі. Алайда мерекелік көңіл күйге арналған пиротехникалық бұйымдарды сатып алу мен қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын естен шығармаған жөн. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысында "Пиротехника" жедел профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңі жүргізілуде.

    Полиция қызметкерлері дүкендер мен пиротехникалық бұйымдар сатылатын өзге де сауда орындарын тексеріп жатыр. Негізгі назар лицензиялар мен сертификаттардың бар-жоғына, сондай-ақ өнімді сақтау және сату талаптарының сақталуына аударылған.

    Қазіргі уақытта пиротехникалық бұйымдарды сатуға лицензиясы бар төрт заңды тұлға тексерілді. Бұдан бөлек, сертификатталмаған өнімдерді көтерме жеткізушілерді анықтау мақсатында 75 профилактикалық іс-шара өткізілді. Тексеру нәтижесінде әзірге заңбұзушылықтар анықталған жоқ.

    Профилактикалық жұмыстар балалар арасында да жүргізілуде. Полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен бірлесіп, мектептер мен өзге де білім беру ұйымдарында 230 дәріс өткізді. Кездесулер барысында оқушыларға пиротехникалық бұйымдарды өз бетінше қолданудың қауіптілігі, өрт қауіпсіздігі талаптары және сақтық шаралары түсіндірілді.

    Полиция тұрғындарды пиротехникалық бұйымдарды тек заңды, мамандандырылған сауда орындарынан сатып алуға шақырады. Қолдан сатылатын немесе белгіленбеген орындарда ұсынылатын өнімдерден бас тартқан жөн. Сондай-ақ отшашуды қолданар алдында оның нұсқаулығын мұқият оқып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары