Көлік полицейлері LRT станцияларында қоғамдық тәртіпті сақтауға ерекше мән беруде

    Көлік полицейлері LRT станцияларында қоғамдық тәртіпті сақтауға ерекше мән беруде

    Астанадағы "Tarlan Astana" жеңіл рельсті көлік нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

    "Tarlan Astana" жүйесінің 18 станциясы мен вагондарындағы қоғамдық тәртіпті көліктегі полиция департаментінің LRT нысандарындағы полиция бөлімінің қызметкерлері қамтамасыз етеді. Әр нысанда ауысымдық кезекшілік ұйымдастырылған. Полиция жасақтары пойыздар мен платформаларды тұрақты түрде патрульдеп, жолаушылардың белгіленген тәртіп ережелерін сақтауын бақылайды.

    Құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылықтың жолын кесу, қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде болу фактілерінің алдын алу және жолаушылар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында жүйелі шаралар қабылдануда.

    Сонымен қатар жолаушыларға тазалық сақтау, қоршаған ортаны ластамау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және вандализмге жол бермеу жөнінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

    Осы бағыттағы жұмыстар басталғалы бері полиция қызметкерлері 41 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Әрбір факті бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

    Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, жолаушыларға түрлі жағдайларда көмек көрсетуде. Мәселен, полицейлер 200-ден астам жоғалған затты заңды иелеріне қайтарды.

    Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында станциялар мен жылжымалы құрам бейнебақылау, дабыл және шұғыл байланыс жүйелері сияқты заманауи құралдармен жабдықталған. Бұл жүйелер кез келген оқиғаға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

    Көліктегі полиция департаменті жолаушыларды тәртіп ережелерін сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға, сондай-ақ күдікті жағдайлар мен құқық бұзушылықтар туралы полиция қызметкерлеріне дереу хабарлауға шақырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары