2026 жылғы 26 тамызда Астана қаласында «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбында ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы өтті. Биылғы дәстүрлі басқосудың басты ерекшелігі – пленарлық отырысқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы болды.

    Мемлекет басшысы өз сөзінде мектеп құрылысы, оқушылардың жетістіктері мен дарынды шәкірттерді ынталандыру, ұстаздардың біліктілігін жетілдіру және оларды аттестаттаудан өткізу талаптарын оңтайландыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасын жүзеге асыру, педагогтер мен оқушылардың жасанды интеллектіні жүйелі меңгеруі жөнінде айтып, Үкімет пен жауапты сала басшыларына бірқатар міндет жүктеді.
    Пленарлық отырыста ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өткен оқу жылының қорытындылары мен білім саласындағы жетістіктерді баяндады. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарының білім саласының өкілдері өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен нәтижелі тәжірибелерді таныстырды.
    Ұстаздар басқосуында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Орал қаласындағы №3 «Зерде» бөбекжайының тәрбиешісі Зуря Айтқұлқызы Урнгалиева да бар. Мемлекет басшысы батысқазақстандық педагогке «Құрмет» орденін табыстады және Жекенова Ақмарал Қанатбаевна “Білім беру саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды.
    Республикалық конференцияға Батыс Қазақстан облысынан облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, сондай-ақ облыстық әдістемелік орталықтың, білім беру ұйымдарының, басқармалар мен департаменттердің өкілдерінен құралған делегация қатысты.
    Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы табысталды.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының Білім басқармасы" жаңалықтары