
Жалақы айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Нақты төлеу күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді.
Егер жұмыс беруші жалақыны кешіктірсе, ол берешек сомасымен қатар, әрбір күнтізбелік күн үшін өсімпұл төлеуге міндетті.
Өсімпұл жалақы төлеу мерзімі өткен күннен кейінгі күннен бастап нақты төленген күнді қоса алғанда есептеледі. Оның мөлшері берешек нақты төленген күндегі ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері негізінде анықталады.
🔹 Мысал
Жалақы — 300 000 теңге, кешігу — 10 күн. Базалық мөлшерлеме — 16,25% болса:
300 000 × 16,25% × 1,25 ÷ 365 × 10 ≈ 1 670 теңге.
Жұмыс беруші:
• 300 000 теңге — жалақы берешегін;
• ≈ 1 670 теңге — өсімпұлды төлеуге тиіс.
Барлығы ≈ 301 670 теңге.
❗ Өсімпұл мөлшері берешек сомасына, кешіктірілген күндер санына және нақты төлем күніндегі базалық мөлшерлемеге байланысты.
Жалақыны белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен өсімпұлды есептемегені және төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
ҚР ӘҚБтК-нің 87-бабына сәйкес айыппұлдар:
🔹 лауазымды адамдарға — 30 АЕК;
🔹 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК;
🔹 орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК;
🔹 ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК.
Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда жұмыскер Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне өтінішпен жүгіне алады. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өтініштерді қарайды және негіздер болған жағдайда заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
❗ Есте сақтаңыз: жалақыны уақтылы әрі толық төлеу — жұмыс берушінің міндеті және жұмыскердің еңбек құқықтарының негізгі кепілдіктерінің бірі.









