
Бүгін Шардара аудандық «Абай» мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған Жарлығын жүзеге асыру аясында «Оқыған ұлт – озық ұлт: кітап оқу мәдениеті – зерделі қоғам негізі» атты тағылымы мол дөңгелек үстел өтті.
Тағылымды басқосуға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Абдразахов, ақын-жазушылар, ұстаздар, жастар, кітапхана саласының мамандары мен кітапсүйер қауым қатысты.
Кездесу барысында Президент Жарлығында айқындалған міндеттер кеңінен талқыланып, кітап оқудың ұлт болашағын қалыптастырудағы орны, кітапханалардың қоғамдағы рөлі, жастардың оқу мәдениетін дамыту және ұлттық әдебиетті насихаттау бағытындағы өзекті мәселелер қозғалды.
Іс-шара аясында мазмұнды пікірлер айтылып, жүрекке жетер жырлар оқылып, жастар мен аға буын арасында рухани сабақтастықтың жарқын үлгісі көрініс тапты. Сонымен қатар кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырманға ұсынылған құнды туындылар таныстырылды.
Кітап – білімнің ғана емес, ұлттың рухани қуатының қайнар көзі. Оқыған ұрпақ – ойлы ұрпақ, ал ойлы ұрпақ – елдің ертеңін жарқын ететін ең үлкен күш. Сондықтан кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру – әр отбасының, әр білім ордасының және тұтас қоғамның ортақ міндеті.








