
Аудан әкімінің төрағалығымен аппараттық жиын өтіп, оған ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары мен компания өкілдері қатысты.
Жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан аумағын абаттандыру және көгалдандыру бағытында атқарылатын жұмыстар жан-жақты пысықталды.
Аудан әкімі жауапты тұлғаларға бекітілген дендропланға сәйкес ағаш отырғызу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Елді мекендердің көркін арттыру және жасыл желек көлемін ұлғайту мақсатында шырша, қарағай және жеміс ағаштарын отырғызуға басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, орман тәлімбағында өсірілген көшеттерді тиімді пайдаланып, оларды алдын ала белгіленген аумақтарға кезең-кезеңімен отырғызу мәселесіне назар аударылды.
Аудан басшысы көгалдандыру жұмыстары тек ағаш отырғызумен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Отырғызылған әрбір көшеттің жерсінуі мен әрі қарай өсіп-жетілуін қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты көшеттерді уақтылы суару, күтіп-баптау және сақталуына тұрақты бақылау жүргізу жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
«Таза Қазақстан» – елді мекендердің тазалығы мен көркін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындар үшін қолайлы әрі жасыл орта қалыптастыруға бағытталған жалпыұлттық бастама.
Осы орайда аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерді елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырамыз.
Таза әрі көрікті аудан – баршамызға ортақ жауапкершілік!









