Кресло-арбаларды ауыстыру мерзімдері мүгедектігі бар адамдарды протездік ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса айқындалады. Мүгедектігі бар адамдар жеке абилитация және оңалту бағдарламасында (ЖАОБ) әзірленген іс-шараларға сәйкес бір мезгілде бөлмелі және серуендеуге арналған кресло-арбаның бір түрімен не әмбебап кресло-арбаның немесе кресло-роликтің бір түрімен қамтамасыз етіледі.
Бөлмелік және/немесе серуендеуге арналған кресло-арбаны әмбебап кресло-арбаға немесе каталка креслосына ауыстыру олардың біреуін ауыстыру мерзімі өткеннен кейін жүргізіледі.
Ауыстыру мерзімі оларды алған күннен бастап есептеледі:
1) бөлмелі кресло-арбалар -7 жылдан ерте емес;
2) серуендеуге арналған кресло-арбалар - 4 жылдан ерте емес;
3) әмбебап кресло-арбалар - 5 жылдан ерте емес;
4) роликті-орындық - 5 жылдан ерте емес.
Мысалы: 1 топтағы мүгедектігі бар аз. А. 2021 жылғы 3 қыркүйекте серуендеуге арналған кресло-арба берілді. Арбаны ауыстыру мерзімі 2025 жылғы 4 қыркүйек.
Кресло-арбаны алу үшін көрсетілетін қызметті алушы (мүгедектігі бар адам) мыналар арқылы жүгіне алады:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (ХҚКО);
2) тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері;
3) «электрондық үкіметтің» веб-порталына www.egov.kz,
мынадай құжаттарды қоса бере отырып:
1) өтініш;
2) оның жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
3) мүгедектігі бар адам жүгінген кезде нотариаттық куәландыруды талап етпейтін мүгедектігі бар адамның сенімхаты.