Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне дейін беріледі.
Гранттар
1) атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
2) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар;
3) асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;
4) қоныс аударушылар;
5) қандастар;
6) еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
7) мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға беріледі.
Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз дара кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.
Гранттар бір рет беріледі және нысаналы мақсаты бойынша қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы сауда объектілерінің аумағында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған үй-жайларды жалдау ақысын төлеу үшін беріледі.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Гранттар легтер бойынша және комиссия шешімдерімен беріледі.