«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 6)-тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік тәртіпті сақтауға міндетті. Бұл ретте, Заңның 32-бабына сәйкес мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес айқындалады. Мемлекеттік қызметшілерге екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Мемлекеттік органдар бекітетін мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртіптемесі қағидалары жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимін белгілейді.
Еңбек Кодексінің 68-бабына сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.
Сонымен бірге, Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 5-тармағының 11) тармақшасында мемлекеттік қызметшілер қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға тиіс деп белгіленген.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, магистратура бағдарламасы бойынша оқып жатқан азамат мемлекеттік лауазымға тағайындалған жағдайда ұзақтылығы 8 сағатты құрайтын жұмыс уақытын сақтау қажет.