Жұбайымен ажырасқанмын, балалармен тұрамын. АӘК алу үшін алимент туралы мәліметтерді міндетті түрде ұсыну қажет пе? Мен алимент алуға өтініш білдірмедім. Қалай тағайындалатын болады?
«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-IV Кодексінің 138-139-баптарына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға міндетті.
Осыған байланысты, егер баланың ата-анасы арасында неке қиылса немесе баланың әкесі болып табылатын адам онымен бірге тұрмаса, баланы тәрбиелеп отырған ата-ана алимент алуға өтініш жасауға міндетті. Жиынтық табысты есептеу ережелеріне сәйкес, алимент есепке алынбай АӘК тағайындау кезінде АӘК тек келесі жағдайларда тағайындалады:
- борышкер жұмыс істемейді және жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда;
- борышкер бас бостандығынан айыру орындарында немесе уақытша ұстау изоляторында болған жағдайда;
- борышкер туберкулез, психоневрологиялық, онкологиялық, санаторий-курорттық диспансерлерде (стационарларда) есепте тұрған жағдайда;
- борышкер іздеуде болған жағдайда.
Егер ерлі-зайыптылар арасындағы неке (ерлі-зайыптылық) бұзылса, бірақ ерлі-зайыптылардың біреуінен алимент өндіріп алынбаса, отбасының жиынтық табысында олардың бірге тұру фактісіне қарамастан, оның табысы толығымен ескеріледі.
Борышкер тиісті құқық қорғау органының анықтамасымен немесе учаскелік комиссияның қорытындысымен расталған балаларды және басқа да асырауындағыларды асыраудан жалтарған кезде жиынтық табыс алименттер есепке алынбай есептеледі. Қалған жағдайларда алименттерді есепке алмай АӘК есептеу үшін негіздемелер жоқ.
Балаларға және басқа да асырауындағыларға алынған алименттер мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған кезде және (немесе) олар өтініш беруші ұсынған мәліметтерге сәйкес келмеген кезде ұйымдардың аударылған алименттер туралы анықтамаларымен не пошта аударымдарының алынған алименттер туралы түбіртегімен, сондай-ақ сот органдарының алименттерді өндіріп алу туралы актісін қоса бере отырып, еркін нысандағы жазбаша өтініш негізінде расталады. Алимент бойынша 3 айдан асатын кезең үшін берешек пайда болған кезде сот орындаушысының алимент бойынша берешекті айқындау туралы қаулысы ұсынылады.