Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауға мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылған ба?
Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңының (2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII ҚРЗ) 36-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2400000103
гранттық қаржыландыру ғылыми зерттеулерді, оның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейін, ғылыми-техникалық әлеуетті және ғылыми ұйымдардың, олардың ұжымдары мен ғалымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге бөлінеді.
Бұрын Заңда гранттық қаржыландыру тек ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейін, ғылыми-техникалық әлеуетті және ғылыми ұйымдардың, олардың ұжымдары мен ғалымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізуге ғана бөлінетіні көзделген болатын. 2026 жылғы 24 маусымда Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, гранттық қаржыландыру берілетін бағыттардың тізбесі тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен толықтырылды.
Мысал:
Көкшетау қаласындағы ғылыми ұйым өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және бағалы металдарды бөліп алу бойынша жаңа технология әзірлеуде. Ұйым Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, оның ішінде жабдықтың тәжірибелік үлгісін әзірлеуді, эксперименттік қондырғы жасауды, сынақтар жүргізуді және технологияны өндіріске енгізуге дайындауды қаржыландыру мүмкіндігі туралы сұрау жолдады. Аталған ұйымға тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыруға мүмкіндік бар екендігі туралы жауап берілді, өйткені енді мемлекеттік қолдау ғылыми зерттеулермен ғана шектелмей, ғылыми нәтижелерді практикада қолдануға және оларды коммерцияландыруға бағытталған технологиялық әзірлемелердің кейінгі кезеңдерін де қамтиды.