Зерттеу бірнеше ұйымда орындалған жағдайда, ғылым саласындағы сыйлықты алуға жұмысты ұсыну туралы шешім қай ұйымда қабылданады?
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 14 қыркүйектегі №466 бұйрығымен https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033417 бекітілген Ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес сыйлыққа ұсынылатын жұмыстар жұмыс орындалған ұйымда қабылданады. Жұмыс бірнеше ұйымдарда орындалған жағдайда, жұмысты ұсыну туралы шешім оның ең үлкен бөлігі орындалған ұйымда қабылданады.
Мысалы:
Алматы қаласының ғалымдар тобы үш ұйымда: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтында және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (бұдан әрі – ҚазҰАЗУ) зерттеу жұмысын орындады. Жұмыстың негізгі (ең ауқымды) бөлігі, соның ішінде оның эксперименттік бөлігі ҚазҰАЗУ-да орындалғандықтан, оны сыйлыққа ұсыну туралы шешім дәл осы ұйымда қабылданып, ресімделді.