Интернет-дүкеннен сатып алған тауарымды кеденде өзім декларациялауым керек пе?
«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 392-4-бабына сәйкес жеке тұлғалар сатып алатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін электрондық сауда тауарларының декларанты ретінде тауарды алушы жеке тұлға, сондай-ақ Кодексте көзделген жағдайларда электрондық сауда операторы әрекет ете алады. Электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау электрондық сауда тауарларына арналған декларацияны пайдалана отырып жүзеге асырылады. Жаңа тәртіптің негізгі мақсаттарының бірі – жеке тұлғалар үшін кедендік рәсімдерді жеңілдету. Осыған байланысты тауарды электрондық сауда операторы декларациялаған жағдайда, азаматтың кедендік рәсімдерді жүргізу үшін салық органдарында арнайы тіркелуі талап етілмейді. Электрондық сауда тауарларына арналған декларацияның нысаны Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы № 143 шешімімен бекітілген. (Мысал, интернет-дүкеннен тауар сатып алынса — тауарды өз бетінше декларациялау міндетті емес. Декларацияны сатып алушы – жеке тұлға немесе электрондық сауда операторы тапсырады.)