Шетелдік маркетплейстен біртекті тауарларды көп мөлшерде сатып алып, кейін оларды сатуға бола ма?
Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің 392-1-бабының 2-тармағына сәйкес, электрондық сауда тауарларын өткізу ерекшеліктері қолданылып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлар шығарылғаннан кейін коммерциялық қызметте пайдаланылмауға тиіс. Мұндай тауарлардың коммерциялық қызметте пайдаланылғаны анықталған жағдайда, жеке тұлға тауарларды коммерциялық қызметте пайдалану фактісі анықталған мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауаптылыққа тартылады.
Іс жүзінде коммерциялық мақсатта пайдаланудың ықтимал белгілеріне біртекті тауарларды жүйелі түрде көп мөлшерде сатып алу, оларды интернет-платформалар арқылы тұрақты сату және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруды көрсететін басқа да мән-жайлар жатқызылуы мүмкін. Бұл ретте бірнеше біртекті тауарды сатып алу фактісінің өзі автоматты түрде кәсіпкерлік қызметті білдірмейді – мәселе нақты мән-жайларды ескере отырып бағаланады.
Мысал, жеке тұлға шетелдік маркетплейсте жеке тұлғалар үшін электрондық сауда тәртібін қолдану арқылы 40 бірлік біртекті тауар сатып алып, оларды Қазақстан Республикасының аумағында сатуға қойды. Бұл әрекеттер тауарларды коммерциялық қызметте пайдалану болып табылады, бұл тыйым салынған. Мұндай факті анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік туындауы мүмкін.