Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына жаңа университет ашу кезінде материалдық-техникалық базаға қатысты қандай өзгерістер енгізілді?
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 18 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, білім беру қызметін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын ғимараттардың (оқу корпустарының) сәйкестігін құжат жүзінде растауға қойылатын талаптар күшейтілді.
Ғимараттарды (оқу корпустарын) шаруашылық жүргізу, жедел басқару, сенімгерлік басқару құқығын немесе оларды пайдаланудың өзге де заңды негізін растайтын құжаттардан басқа, жаңадан құрылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мынадай құжаттарды ұсынуға тиіс:
- объектіні пайдалануға қабылдау актісі;
- өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды тағайындау туралы бұйрық;
- өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықтар;
- эвакуация жоспары;
- Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің № 55 бұйрығына 3-қосымшаға сәйкес өрт сөндірудің бастапқы құралдарының ең төменгі қажетті тізбесі;
- өрт автоматикасы жүйелері мен қондырғыларын пайдалануға қабылдау актісінің көшірмесі.
Аталған өзгерістер білім беру қызметін жүзеге асырудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге және материалдық-техникалық базаның заңнама талаптарына сәйкес пайдалануға дайын екендігін растауға бағытталған ( https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892).
Мысал:
Заңды тұлға жаңа университет ашуды жоспарлап, білім беру қызметімен айналысуға мемлекеттік қызмет алу үшін «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі ( http://e-license.kz) арқылы өтініш береді.
Өтініш беруші Біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттарды ұсынумен қатар, ғимараттың қауіпсіз пайдалануға дайын екендігін растайтын құжаттарды да ұсынуы қажет. Мысалы, ғимаратты пайдалануға қабылдау актісі, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын растайтын құжаттар және Біліктілік талаптарында көзделген өзге де құжаттар.
Құжаттар топтамасын қарау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын растайтын құжаттың ұсынылмағаны анықталды. Осыған байланысты заңды тұлғаға ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылды.