Арнаулы әлеуметтік қызметтерді (АӘҚ) көрсетуге лицензия алу үшін не қажет?
Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілерге беріледі.
Лицензия алу үшін белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келу және қызметтерді көрсету үшін тиісті жағдайлардың болуы қажет.
Негізгі талаптар
- Ғимарат немесе үй-жай
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге жарамды ғимараттың немесе үй-жайдың меншік құқығында не жалдау шарты негізінде болуы қажет.
Үй-жайдың болуы жылжымайтын мүлікке құқықтардың мемлекеттік тіркелгені туралы мәліметтермен не жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінен алынған ғимаратты (үй-жайды) жалдау шартымен расталады.
- Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестік
Объектінің заңнама талаптарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қызметтің басталғаны туралы хабарламаның болуы қажет.
- Өрт қауіпсіздігі
Объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың болуы қажет.
Қолданыстағы объектілер бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүргізілген тексеру не профилактикалық бақылау нәтижелері туралы актінің көшірмесі немесе аудит ұсынылады.
- Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету
Объект мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс, оның ішінде:
-кіреберіс топтарына;
-қозғалыс жолдарына;
-қызмет көрсету аймақтарына;
-санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға;
-ақпарат және телекоммуникация құралдарына;
-мүгедектігі бар адамдарға арналған автотұрақ орындарына қолжетімділік қамтамасыз етілуі қажет.
- Тамақтану объектісі
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылардың тұруы ұйымдастырылған немесе қызмет алушылар объектіде 4 сағаттан астам болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық және өзге де талаптарға сәйкес тамақтану объектісінің болуы қажет.
- Материалдық-техникалық база
Көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ететін материалдық-техникалық базаның болуы қажет:
-әлеуметтік-тұрмыстық;
-әлеуметтік-медициналық;
-әлеуметтік-педагогикалық;
-әлеуметтік-еңбек;
-әлеуметтік-мәдени;
-әлеуметтік-психологиялық қызметтер.
Материалдық-техникалық база арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметі қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
- Қызметкерлер штаты
Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметі қағидаларында белгіленген штаттық нормативтерге сәйкес қызметкерлер штатының болуы қажет.
Қызметкерлер атқаратын лауазымдарға қойылатын талаптарға сәйкес тиісті білімі мен біліктілігіне ие болуы тиіс.
- Жатын бөлмелер
Қызмет алушылардың тұруын көздейтін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген жағдайда, халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің белгіленген стандарттарына сәйкес келетін жатын бөлмелердің болуы қажет.
Өтінішті қарау және талаптарға сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен лицензия беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған лицензия субъектілерге 3 жыл мерзімге беріледі.
Назар аударыңыз! Талаптардың нақты тізбесі ұйымның түріне, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету нысанына және қызмет алушылардың санатына байланысты болады.
Қолданыстағы талаптарды Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің қолданыстағы редакцияларын ескере отырып тексеру қажет.